Енесін сотқа сүйрейтін келін көбейген. Атырауда отбасындағы жанжалдың сот залында жалғасуы секілді дерек азаймай тұр. Оған облыс соттарында қаралған әкімшілік істердің соңғы 1 жылда екі есеге көбеюі дәлел.
Анығын айтқанда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекет» бабы бойынша 2022 жылдың 10 айында 1400-ге жуық, ал 2023 жылдың осы мерзімінде 2700-ден астам іс қаралған.
Жалпы өткен жылы ұрып-соғуға қатысты қаралған іс саны 2 есеге артқан. Былтыр қаралған істердің 1289-ы қысқарып, 1207-сі татуласумен аяқталған. 138 азаматқа айыппұл салыныпты. Ұрыс-керіс тек жұбайлар емес, жақын туыстар арасында да жиі кездеседі.
Самал ӘБУҒАЛИЕВА, Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы
Мұндай жағдай жақын тума-туысқандарымен, немесе енесімен бірге тұратындар арасында көп кездеседі. Келіні енесіне арызданатын жағдайлар кездесіп жатыр. Сот- бұл кісінің бұрында жауапкершілікке тартылмағанын ескере отырып, татуластыруға тырысамыз. Бір-бірінен кешірім сұрап, өкінетін жағдайлар болады. Бір жақ кешірім сұраса, екінші жақ қарсы болмаса іс татуласмен қысқарады. Көбіне жолдасына сөйлейді деп, арасына енесі кіріседі. Ал келіндерден «Неге күйеуіңезге сөйлейсіз?» деп сұрағанда, көбісі жұмыс жасамауымен, ішімдіктерге әуестігімен байланыстырады.
Былтыр 1 шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік жауапкершілік қатаңдап, полиция деректі жәбірленушінің шағымынсыз тіркей бастады. Хаттама толтыру үшін куәгерлердің, көршілердің сөзі, бейнежазба жеткілікті. Қоғамдағы күрмеулі мәселе жайында күні кеше «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта та айтты. Оның сөзінше, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасы әзірленіп жатыр.