Атырау облысында айына 100-ден астам адам инсультке шалдығады. Мұндай диагнозбен күніне 5-6 науқас жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіледі екен. Облыстық аурухананың неврологиялық бөлімінде бос палата жоқ. «Бұл дерт тым жасарып барады», — дейді денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс невропотологы Нұржан Антазиев.

Нұржан АНТАЗИЕВ, невропатолог

Жылдан жылға инсультпен ауыратын науқастар көбейіп жатыр. Ол өте социалдық проблема. Өйткені инсульттан кейңн 80 проценті мүгедек боп қалады.
Қазіргі заманда инсультпен науқастар жасарып келе жатыр деп айтуға болады. Неге десе компьютер алдында отыру, көп қимыл жоқ.

Ақ халаттылардың айтуынша, жылына 1300-ден астам адам инсульт алады екен. Олардың кейбіріне ота жасалса, енді біріне жүйелік тромболизис процедурасы қолданылады. Емдік шараның бұл түрі инсульт соққаннан кейінгі төрт сағат ішінде жасалуы тиіс. «Осы тәсілдің арқасында өмірі қыл үстінде тұрған талай науқасты аман алып қалдық», — дейді дәрігерлер.

Неврологиялық аурулардың кейбір түрлерімен диспансерлік есепте тұрғандар тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Алайда сырқаттардың дәрі таба алмай қиналатын кездері де болады. Бағасы өте қымбат болғандықтан, өздері сатып алуға бәрінің бірдей қалтасы көтермейді. Науқастар дәріден тапшылық көрмеулері үшін невропатолог мамандар тізім жасақтап, алдын ала тапсырыс беруге міндетті.